Шемонаиха ауданында 300 орынға шақталған жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Жайлы мектеп бағдарламасы аясында салынған білім ордасында химия, физика, биология, робототехника сияқты профильдік бағыттағы сыныптар озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Білім ордасының техникалық ашылуына облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Жаңа мектеп Путейская көшесінде орналасқан. Бұл Шемонаиха қаласындағы төртінші мектеп. Алдағы уақытта Терміржолшылар ауданындағы 90 жылдық тарихы бар №4 мектептің оқушылары мен педагогикалық құрамы жаңа ғимаратқа көшеді. Мектеп директоры Назигүл Тотекинаның айтуынша, білім беру мекемесінде 375 оқушы тіркелген.
Бірнеше блоктан тұратын ғимаратта бастауыш сыныптары үшін бөлек дәліз қарастырылған. Бұл мектеп облыстағы өзге білім ордаларына қарағанда жылдам бой көтерген. Құрылыс жұмыстары «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылығымен жүргізілді. Жаңа ғимаратты толық аралап шыққан аймақ басшысы, келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 7 мектеп бой көтереді, деді.
Жаңа ғимаратта тігін шеберханалары, хореография бөлмесі бар. Сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг алаңдар қарастырылған. Облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, білім ордасы әлемдік стандарттарды ескере отырып салынған.
Жоспар бойынша жаңа мектеп партасына оқушылар үшінші оқу тоқсанында отырады. Балаларын ескірген мектепке беруге мәжбүр болған Теміржол ауданының тұрғындары Шәкәрім атындағы №4 мектептің ашылуын асыға күтеді.