Облыста «тәлімгерлер кеңесі» жұмыс істейді. Онда басқарма басшыларына өңірдегі білікті әрі тәжірибелі ардагерлер ақыл-кеңесін айтады. Бүгін кеңестің тең төрағасы Ержан Айқымбеков кеңес мүшелерімен алғашқы отырысын өткізді. Олар мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылады.

Тәлімгерлер кеңесінің мүшесіне бұрын мемлекеттік қызметте еңбек еткен ардагерлер кіреді. Олар мемлекеттік қызметке жаңа тағайындалған мамандардың кәсіби дағдыларын дамыту мен бейімделуіне жәрдемдеседі. Сондай-ақ кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бүгінгі кеңес отырысында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ержан Айқымбековтың тағайындалған сәтінен бастап атқарған жұмыстары, алға қойған жоспарлары тыңдалды.

Аймақта тәлімгерлер кеңесінің құрылғанына екі жыл болған. Бүгінде ұйымға 8 адам мүшелік етеді. Олар тәлімгерлерге қойылатын тағы бір міндет – жас маманның бойына тәртіп пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру екендігін айтады.

Шарада білікті әрі тәжірибелі ардагерлерден құралған тәлімгерлер кеңесі өз кезегінде жұмысты тиімді жоспарлауды үйретіп, оңтайлы шешім қабылдауға бағыт-бағдар берді.