Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандардың рухын қайрап, жігерін шыңдайтын клуб бар. Шағын ғана орталықта тағдыр тәлкегіне ұшыраса да, рухын жасытпаған жандар салауатты өмір салтын ұстанып, кәсіби спортта жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Азия, Әлем чемпионаттары, Сурдлимпиада ойындарындағы жеңістері көпті таңғалдырады. Спортшылар танымды кездесу өткізу мақсатында студенттермен жүздесті.

Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінде 250-ге жуық жас маман білім алуда. Олар күнделікті өмірге қажетті мамандықтарды иегеріп жүр. Мәселен, шаштараз, тігін ісі, жиһаз өндірісі, машина жасау технологиясы, есептеу техникасы және ақпараттық желілер. Облыстың атын шығарып жүрген сурдлимпиада спортшылары студенттермен кездесіп қайтты. Мақсат – жастарды ынталандыру.

Спорт – өмір қиындықтарына төтеп беруді үйретеді. Бұл салаға өмірін арнаған жан барлығына дайын болу керек, дейді спортшылар.

Клуб директоры Балғабек Ақшолақовтың айтуынша, жастардың спортқа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Ал, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек спорттың деңгейін көтеріп, жастар рухын шыңдауда.

Клубта жеңіл атлетика, суға жүзу, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ, қол күресі, воллейбол, парадзюдо және паратаэквандо сынды спорт түрлі кең дамыған. Клуб спортшыларының басым көпшілігі ұлттық құрамалардың мүшелері.