«Туған жер – алтын бесігім» дәстүрлі шарасы жалғасып жатыр. Бұл жолы жәрмеңкеге Ұлан ауданының өнімдері жеткізілді. Ауылдың дәмін сағынған облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары мол жиналды. Себебі, тағам табиғи. Бағасы қолжетімді.

Таң атқалы жәрмеңкеге асыққан жұрт қарасы қалың. Барлығы дәмді, сапалы өнімге қол жеткізуге асық. Ұлан ауданынан әкелінген балғын, экологиялық таза өнімдер кімді де болсын қызықтырмай қоймайды. Сөреге қойылған тауар түрі де көп. Еттің бірнеше түрі, көкөніс, сүт өнімдері мен бал да бар.

Ұлан жері қашанда ауылшаруашылығы үшін қолайлы өңір болған. Бүгін де жәрмеңкеге ауданның оншақты шаруа қожалықтары өнімдерін ұсынды. Мұндай жәрмеңкенің тұрғындар үшін артық тұсы көп. Ең алдымен бағаның төмендігі. Себебі, тауар алыпсатарлардың қолына тимей бірден өндіруші арқылы сатылады. Үстеме баға қосылмайды.

Ет өнімдерінен бөлек көкөніс тауарлары да толып тұр. Тұздалған қияр, қызанақ, орамжапырақтың дәмі тіл үйіреді. Мәселен, мына өнімдерді Таврия орта мектебінің ұстаздары әкелген.

Ұлан ауданының берері жәрмеңкемен түйінделіп қалған жоқ. Келушілер үшін аудан өнерпаздары концерт ұйымдастырды.