Өскеменде республикалық IT фестивалі өтті. Ауқымды шара жаңа технологиялар мен инновацияларға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар стартап жобаларын таныстырды.

Oskemen HUB ұйымдастырған шараның мақсаты — жастардың IT саласында жаңа мүмкіндіктерді игеріп, инновациялық жобаларды жүзеге асыруына қолдау көрсету. Форумда Алматы, Павлодар, Астана, Семей және Өскемен қалаларынан жиналған қатысушылар бірегей стартап жобаларын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.

Самар ауылынан келген Таңсұлу Талғат пен Салтанат Тұрсын 6- сыныпта оқиды. Өздерінің ұсынған жобасы туристер үшін шығыстың тұмса табиғатын тамашалауда көмекші құрал болатынына сенімді. Себебі облыстағы тарихи жерлерді картаға түсіріп, QR код арқылы толық ақпаратты алуға болады.

Фестиваль қорытындысы бойынша ең үздік жобалар болашақта жүзеге асырылады. Жоба авторларына шараның серіктестері тарапынан қолдау көрсетіледі.