Елімізде жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасына өзгерістер еңгізілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілетін болады. Бұл туралы  ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері айтты. Енді хаттаманы жасау үшін көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларынан немесе полиция қызметкерінің бейнетіркегішінен жазбалар жеткілікті. Заң жобасындағы өзгерістер туралы Сая Жарасқызы тарқатсын.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров түзетулер күшіне енгеннен кейін тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі де алынып тасталатынын айтты. Жауапкершілікті қатаңдату қажеттілігі бұрыннан бар. Оның айтуынша, жыл сайын полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдар туралы 100 мыңнан астам өтініш пен хабарлама келіп түседі. 2015-2016 жылдары 100 мыңнан астам хабарлама бойынша кінәлілер ешқандай жазаға тартылмаған.
Жыл басынан бері облыс орталығында 1483 отбасылық жан-жал тіркелген. Көбіне құқық қорғау қызметкерлері кеткеннен кейін отбасындағы жанжал қайта жалғасып, тіпті ушыға түседі.
Енді әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жәбірленушілердің өтінішінсіз, яғни зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша басталады. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларынан немесе бейнетіркегіштен жазбалар жеткілікті. Ал, соңғы шешімді сот шығарады.
Әкімшілік қамауға алынбайтындар қатарындағы азаматтар айыппұл төлейді. Қылмыстық кодекске өзгерістер 15 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс биыл 1 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.