Өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі - «Қазцинк» компаниясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды үнемі жүзеге асырып отырады. Бұл жолы кәсіпорын алғашқылардың бірі болып зиянды қалдықтарды бақылауда ұстайтын автоматты жүйені енгізді. Енді өндіріс орнынан шыққан қалдықтар туралы мәлімет бірден мемлекеттік мекемелерге түсіп отырады.
 «Қазцинк» компаниясы зиянды қалдықтарды бақылайтын автоматтандырылған жүйені енгізді. Бастаманы жүзеге асыру үшін 4 млрд.-қа жуық қаржы жұмсаған. Заманауи құрылғы қорғасын, мырыш, күкірт қышқылы зауыттарының бөлімшелеріне қойылды. Енді сенсорлардың көмегімен Үлбі өзеніне сүзгіден өткізіліп құйылатын судың құрамын тұрақты бақылау жол ашылды.
Автоматтандырылған жүйе толықтай сынақтан өткізілді. Ендігі кезекте оны іске қосу сатысы қалды. Жүйені биыл жазда қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, зиянды қалдықтар көлемін төмендету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір компания мамандары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ғы әріптестерімен бірге деректерді мемлекеттік органдарға беру жолын ретке келтіруде. Қоршаған ортаға мониторинг жүргізетін жүйені жетілдіру әлі де жалғасып жатыр. Ол өз нәтижесінде беріп үлгерді. Мәселен, өткен жылы шығарындылардың көле 2022 жылға қарағанда 932 тоннаға төмендеген. Ал 2025 жылдың соңына дейін металлургиялық зауыттардағы құрамында күкірт бар газдарды кәдеге жарату үшін қолданыстағы қондырғыларды жабдықтау жоспарланған. Сарапшылар бұл күкірт диоксиді шығарындыларын 1000 тоннаға азайтады деген болжам жасап отыр.