Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі болғандықтан, халық танымында «Жер-Ана» ұғымы берік орнаған. Туған топырақты қастерлеу, күтіп-баптау – қанға сіңген қасиет. Сондықтан, табиғаттан алуды ғана емес, табиғатқа беруді де білетін азаматтар осы көктемде белсенді. Оған дәлел қарқынды жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы.

Экологиялық мәдениет – қоршаған ортаны қорғау құндылықтарының өзегі. Айдың алғашқы онкүндігінде еліміздің жастар ресурстық орталықтары мен ұйымдарының қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткен еді. Соның аясында Глубокое кентінің Абай ықшам ауданында көшеттер отырғызылды. «Бірқабатты Шығыс» жобасымен салынған үйлер маңын болашақта ең ілгері шағын аудан ету жоспары бар.

Ауқымды науқан бес аптаға жоспарланған. Әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұған дейін «Таза өлке», «Киелі мекен» сияқты апталықтар өтті. Оның барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандырды. Бұл акция аясында шырша көшеттері әкелінген. Жалпы аудан бойынша екі мыңнан аса көшет отырғызылды.

Экологиялық шараға ерікті тұрғындар, әкімдік өкілдері, тәртіп сақшылары, кәсіпкерлер мен жастар өкілдері қатысты. Ел үшін игі іс ерікті түрде. Кент көркін келтіремін деген қалаған азамат қатыса алады. Шырша көшеттерін де аудандағы орман шаруашылықтары жеткізіп берген.