Өскеменде Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай "SHYGYS AIBYN-2024" облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Өңірдің әр ауданынан келген командалар өзара кім мықтыны анықтады. Айбынды жастар 27943 әскери бөлімінде бас қосты.

Жарысқа аудандық және қалалық кезеңдерде жүлделі орындарға ие болған әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері жиналды. Сайыста 14 пен 17 жас аралығындағы оқушылардан жасақталған 10 команда бақ сынады. Әр командада 10 ойыншы. Жеті ұл және үш қыз. Ішінде әскери-қолданбалы спорт жарыстарында жүлделі орын алғандар да бар. Солардың бірі - Алтай қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің оқушысы Аружан Матоктанова. Ол осыған дейін облыстық және республикалық турнирлерде ғана емес, халықаралық «Айбын» жиындарына да қатысып үлгерген. "Жас сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушісі бүгін де жеңіске жетеміз деп отыр.

Қатысушылар әскери эстафета, белтемірге тартылудан жарысты. Келесі кезеңде пневматикалық қарудан атып, өздерінің мергендіктерін көрсетті, Бұдан соң, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеп, жинады. Бұл кезеңде оқушылардың жылдамдығы сыналды. Ауқымды шара жастар ресурстық орталығының, білім басқармасының, қорғаныс істері департаменті және "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының ұйытқы болуымен жүзеге асырылды.

Облыстық кезеңде өзгелерден дара шауып, жеңімпаз атанғандар Алматыда өтетін «Айбын» халықаралық турниріне жолдама алады. Алматыдағы турнирді биыл маусым айында өткізу жоспарланған.