Облыс орталығында гуманитарлық көмек жинауға арналған бірнеше пункт жұмыс істеуде. Шығыстағы ағайын бір кісідей жұмылып, кәсіпкерлер атсалысып, барлығы қолда бар көмегін аямауда. Табиғи апат зардабын шеккендерге осындай қиын кезде жылы сөздің өзі демеу дейді игі істің басы-қасында жүргендер. Жиналған көмек жүгі Атырауға жол тартты.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Тарбағатай ауданы да ілкімді істен қалыс қалмады. Жергілікті еріктілер тобы мен аудан белсенділері бірнеше күннің ішінде халықтан тұрмысқа қажетті деген заттарды жинап, гуманитарлық жүкті өскемендегі Халифа Алтай мешіті жанындағы ШҚО бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының қабылдау пунктіне әкелді.

Су басып, қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек ретінде жергілікті еріктілер арнайы қорға қаржы жинаған. Бүгінгі күні қолда бар сомма 1,5 миллион теңге.

Осыған дейін жиналған 19 тонна жүк пен 1,5 миллион қаражат Петропавл халқына жеткізілді.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біздің күшіміз бірлікте. Арада жол шалғай болғанымен топан судан зардап шеккен ағайынмен біргеміз.