Күн жылысымен өңір тұрғындары тарихи ескерткіштер мен саябақтардың маңын тазалауға кірісті. «Таза Қазақстан» республикалық акциясының екінші аптасына жастар мен еріктілер, қарттар да тартылды. Экологиялық акцияға белсене қатысқандардың қатарында облыстық музей-қорығының мамандары мен «Үлбі металлургия зауытының» қызметкерлері бар.

 «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Өскемендегі сол жағалау этногафиялық кешенінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Экологиялық акцияға қатысқан 300-ден астам адам топқа бөлініп, үлкен аумақты қоқыстан тазалады.

Облыс орталығындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің көпшілігіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Акцияға қатысушылар этноауылдағы үйлердің ауласын жинап, хайуанаттар бағы мен әскери техникалар тұрған аллеяны ретке келтірді.

Ал, «Үлбі металлургия зауытының» ұжымы Ефим Славский мен Владимир Потанин ескерткіштерінің маңын тазалап, абаттандырды. Нысанның бүлінген жерлерін, ескерткішке апаратын жолдарды қалпына келтірді. Өңірдегі бірегей кәсіпорынның қызметкерлері үнемі экологиялық шараларға белсенді түрде қатысып келеді.

Республикалық акция мамыр айының ортасына дейін жалғасады. «Таза өлке» деп аталған алғашқы аптада көшелер мен аулалар тазартылса, «Киелі мекен» атты екінші апталық тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналды.