Су тасқынынан зардап шеккен батыстағы ағайынға гуманитарлық көмектің тағы бір легі жөнелтілді. Осы жолы жүк тиелген көлік Құлсары қаласына аттанды. Гуманитарлық көмекті жинауға Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық волонтерлер фронт-офисі мен «Зекет және қайырымдылық» қоры ат салысты. Қайырымдылық акциясы жайлы Нұртас Қайролдаев айтсын.

Шығыстағы ағайын батыстағы тұрғындарға көмек қолын созуды әлі жалғастырып жатыр. Жергілікті волонтерлер мен өңірдің белсенді азаматтары бірнеше күннің ішінде халықтан тұрмысқа қажетті заттарды жинап, Өскемендегі «Халифа Алтай» мешіті жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының қабылдау пунктіне өткізген. Осы жолы өңірден он тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған.

Жиналған жүк пен қаражатты жөнелтуге «Қазақстан темір жолы» АҚ көмек қолын созған.

Әскери техникалық мектептің курсанттары да игі істен шет қалмай, тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге гуманитарлық көмек жөнелтуге қол ұшын созуға келген.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға шығыс жұртының қолдауы әлі де жалғасады, дейді шараны ұйымдастырушылар.