Халық қарғын судың астында қалған өңірлерге гуманитарлық көмекті тоқтаусыз жіберіп жатыр. Осы жолы су тасқынынан зардап шеккендерге Ұлан ауданы қол ұшын созды. Ұландықтар солтүстіктегі ағайынға 29 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді. Жөнелтілген көмектің 26 тоннасы ауыз су, 3 тоннасы азық-түлік. Ал, қалғаны киім-кешек, төсек-орын және гигеналық заттар.

Солтүстік өңірге жөнелтілген азық-түліктің ішінде күріш, ұн, макарон өнімдері, тәтті-дәмділер бар. Одан бөлек, жүк көлігіне гигиеналық құралдар, тұрмыстық заттар тиелді. Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаеваның айтуынша, жиналған гуманитарлық көмек әкімшілік пен аудан халқының ұйымшылдығының арқасында жүзеге асып отыр.

Гуманитарлық көмекке еріктілер де өз үлестерін қосты. Олар жүктерді жинап, сұрыптау мен буып-түюге көмектесті. Ұлан ауданында барлығы 80 волонтер бар.

Гуманитарлық көмек өңірлерге бүгін-ертең жетеді. Ұландықтар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созуды жалғастырамыз деп отыр.