Қала әкімі Жақсылық Омар Шмелев лог шағын ауданының халқымен кездесті. Азаматтар кездесу барысында толғандырған түйіткілді мәселелерін қойып, оны жуық арада шешуін сұрады. Қала әкімі өз кезегінде шағын аудандағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Шмелев лог шағын ауданының тұрғындары кездесу барысында қала әкімінен абаттандыру жұмыстарын толық жүргізуді сұрады. Мұндағы негізгі мәселелер көшелерді жарықтандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығаруға қатысты. Дегенмен, шағын аудан тұрғындары әкімге риза. Себебі, қандай да бір мәселе туса, оны бірден әкімдікке жеткізіп, жедел шешімін табамыз, дейді.

Кездесу барысында Қала әкімі Жақсылық Омар жергілікті тұрғындардың шағымдары мен сұрақтары түгелдей бақылауда болатынын айтты.

Халықпен кездесуге келген қала әкімі Жақсылық Омар туындаған мәселеге жауапты бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, биыл шағын аудан бойынша жөндеу жұмыстарымен таныстырды.

Орташа жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастау көзделген, ал қазір мердігерлерді анықтау бойынша байқау жүргізілуде, дейді атқарушы мамандар. Сондай-ақ, мұнда алдағы уақытта көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Ал оның орындалуын облыс орталығының басшысы тікелей өз бақылауында ұстайтын болады.