«Комплаенс» атты қызметтің қоғамға қосар үлесі зор. Бақылау қызметінің бұл түрі бүгінде ірі бизнес пен квазимемлекеттік нысандарда жолға қойылған. Айталық, комплаенс офицерлері әртүрлі қызметтегі мамандардың мемлекет қаржысын үптеп кетуіне жол бермейді. Сондай-ақ, бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардың маңызды кәсіпорынға жұмысқа қабылданбауына да себепкер болады. Бүгін Өскеменде осы саладағы мамандардың қатысуымен ауқымды семинар өтті.

Семинардың мақсаты – комплаенс қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету. Осы бағыттағы мамандарды соңғы үлгідегі жұмыс модельдерімен таныстыру. Семинарға денсаулық сақтау ұйымдары, білім беру мекемелері мен әкімшілік қызметтегі комплаенс мамандары қатысты.

Аймақтағы жоғарғы оқу орындарында да комплаенс қызметі жолға қойылған. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ -де аталған қызмет 2021 жылы жүзеге асты. Оқу ордасындағы комплаенс офицерлері оқытушылар, студенттермен тығыз байланыс орнатқан.

Комплаенс офицердің басты міндеті әрбір ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білетін иммунитетті қалыптастыру. Бұл ретте аймақта тұрақты түрде арнайы оқу курстары өткізіліп тұрады.