Үлбі өзенін ластады деген күдікке ілінген жергілікті кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеру басталды. Экология департаментіне май шығарушы «Алтын Май» зауытының аумағынан Үлбі өзеніне қоңыр түсті, сарқынды сулар ағызылғаны туралы шағым келіп түскен. Артынша бұл ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарап, қызу талқыға түсті. Бұл мәселе бойынша облыстық Экология департаментінің қызметкерлері тексеру жүргізіп, болған істің мән-жайын анықтауға кіріскен.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, облыстық экология департаментінің қызметкерлері аудандық учаскелік департамент мамандарымен бірлесіп оқиға орнына барған. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде «Алтын май» зауытынан Үлбі өзеніне лас, сарқынды сулардың төгілгені расталды. Ал  оның құрамынан зиянды зат қоспаларын анықтау мақсатында химиялық талдау жасауға қажетті сынамалар алынды.
Облыстық экология департаменті мамандары жоспардан тыс тексерудің қорытындысы мен химиялық талдаудың нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтынын мәлімдеді.