Шығыстың басты арнасы-«Altai» телеарнасына биыл 65 жыл. Бұл - қазақ телевизиясының тарихында Алматы студиясынан кейін ашылған алғашқы телеарна. Облыс орталығында телеорталық салу туралы қаулы 1956 жылы 21 қарашада қабылданған. Сол уақыттан бері арна ұжымы көрермендерге сапалы өнім ұсыну үшін талмай еңбек етіп келеді. Студияның дамуына үлес қосқандардың бірі- Асира Нажмаддинова.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бір ғана мамандықты таңдаған Асира Нажмаддинова журналистика саласына еңбек өтілінің 35 жылын арнады. Қарағандының Шет аудандық газетінен басталған жолы Шығыс Қазақстан облысында жалғасты. Радио мен телестудия арналарында табан аудармастан 32 жыл қызмет етті. Қатардағы тілшіден бастап, директордың орынбасары-бас редактор, аға редактор, шеф-редактор атауларымен мәлім қызмет сатыларынан өтті. 2000-шы жылдардың басында телеарна көп өзгерді. Жаңа леппен тынысы кеңейді. Жалынды жастар келді.

Таным-тағылымы терең телеарна журналистті шыңдады. Өмірі сан қилы тараудан тұратын адамдармен жүздестірді. Жанына жақын тақырып та осы еді. “Тіршілік тізгіні”, “Ақжаулық әлемі”, “Көзкөргендер”, “Жүзтаныс”, “Шежіре”, “Алтай есімдері” тәрізді бірнеше хабар-бағдарламалары көрермен жүрегіне жылы ұялады. Сонымен қатар әдебиет, мәдениет, денсаулық мәселелері де автордың қаламынан тыс қалмаған.

Асира Нажмаддинова ұжымда кәсіби білімді, білікті маман ретінде танылды. Бірбеткей мінезді, турашылдығымен ерекшеленді. Бұл қасиеттері апайдың телеарна тарихында өзіндік ізін қалдырды. Төгілген тер текке кетпеген, облыстық, республикалық деңгейлерде лайықты бағаланды.
Асира Нажмаддинованың мектебінен өткен мамандар бүгінде білікті тілшілер. Шәкірттері ұстаздарын мақтан тұтады. Асира Нажмаддинова жас журналистерге әрқашан бар білгенін айтып, жиналған тәжірибесімен бөлісуге дайын.