«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елде «Smart City» жобасы іске қосылған болатын. Жоба қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, барлық саланы барынша автоматтандыруды көздейді.Мемлекеттік бағдарламаны шығыста жүзеге асыру қарқынды. Бүгінгі күні аймақтағы жол-көлік қозғалысының, әлеуметтік нысандардың және мемлекеттік қызметердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мамандар аянбай еңбек етуде.

Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының құрамына бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі мен байланыс орталығы кіреді. «112» және «109» нөмірлеріне қалалық және ұялы телефондардан тегін қоңырау шалуға болады. «112» шұғыл қызметі құқық бұзушылық, жол-көлік оқиғасы, жедел-жәрдем, төтенше жағдай бойынша азаматтарға көмек көрсетеді.

 «112» арнасына орта есеппен тәулігіне 300-ден астам қоңырау түседі дейді мамандар. Жыл басынан бері 30 мыңға жуық мәселе қаралған. Оның басым көпшілігі жедел-жәрдем қызметіне жүгінедер. Ал «109» бірыңғай байланыс орталығы тәулігіне 100-ден астам қоңырау қабылдайды.

 «109» нөмірі бойынша автобустың кешігуі, ашық құдық қақпақтары, желілердің үзілуі, электр қуатының болмауы, жедел саты мен қараусыз жүрген иттер туралы хабарлауға болады. Бұдан бөлек, орталыққа хабарласу арқылы жарықтың сөнуі немесе ауыз судың неліктен берілмей жатқандығы жөнінде білуге болады.