Өскеменде 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмі көрсетілді. 2011 жылы Рүстем Әбдірашев режиссерлік еткен кинотуынды экранға ең алғаш «Қазақстан» орталық концерт залында Президенттің қатысуымен жол тартқан болатын. Араға он жыл салып, көрермен қайта қауышқандай...Фильм Алматы облысының Үшқоңыр жайлауы, Шамалған ауылы, Қаскелең және Алматы қаласында түсірілген. «Балалық шағымның аспаны» ҚР тұңғыш Президенті, ел көшбасшысының бүлдіршін дәурені мен жасөспірім шағы туралы баяндайды. Фильмнің негізіне Елбасының «Без правых и левых», «Эпицентр мира», «В центре Евразии» шығармалары алынды. Аталмыш картинада болашақ президенттің өмірінен шынайы оқиғалар көрсетіле отырып, бас кейіпкердің тұлғасы мен мінезінің қалыптасуы, оның тұңғыш жеңістері, үміттері, орындалған армандары жөнінде баяндалады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы табандылық пен мақсаткерлік өмір жетістігінің кепілі екендігінің жарқын мысалы.Көрсетілімге келген студенттер де фильмнің жоғары деңгейде түсірілгенін, өте терең,  мағыналы туынды екенін айтады.Аталмыш фильм тек аға буынның ғана емес, жастардың да жүрегінен орын таба білді. Қай жастағы жанға болсын тәрбиелік мәні зор дейді көрермендер.