Маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні болып бекітілген еді. Биыл мереке 19 маусымға тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай облыс орталығында мамандығына адал, тынбай қызмет етіп жүрген ақ халатты мамандардың кәсіби мерекесі кең ауқымда аталып өтті.

 «Ақ халатты абзал жандар!» Бұл сөздердің астарында дәрігерлерге деген үлкен құрмет-қошемет жатыр. Себебі күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз жұмыс істеп, адам жанына араша болған бұл сала мамандарының еңбегі қашан да мақтауға тұрарлық. Мерекеге орай, өңірдің түкпір-түкпірінен келген мамандар облыс орталығында бас қосты. Жиналғандарды аймақ басшысы Даниал Ахметовтың атынан медицина қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтап,  үздік мамандарды марапаттады.

Дәрігерлер күні ерекше салтанатқа толы өтті. Концерттік бағдарламамен ұштасқан марапаттау шарасында еленбеген еңбек жоқ. Жастардан бастап, ардагерлерге дейін құрметке ие болды. Өйткені, медицина қызметі өзінің тарам-тарам бағыттарымен мемлекеттің ең бірінші құндылығы - адам баласын сақтау жолында күреседі.

Медицина саласының мамандары қандай мəртебеге, марапатқа болсын əбден лайық. Ендеше дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы деп санайық.