Өскеменде дзюдо, самбо, қазақ күресінен КСРО спорт шебері, Марқакөл өңірінің тумасы Талғат Ахмадиевті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында І облыстық ашық турнир өтті. Турнирге 8 салмақ дәрежесі бойынша аймақтың жас өрендері мен Ақмола және Абай облыстарының жас спортшылары қатысты.

Биыл бірінші рет ұйымдастырылған ашық турнирдің өтуіне облыстық қазақ күресі федерациясы бастамашы болды. Сонымен қатар туған жерінде Марқакөлде қазақ күресінен спорт үйірмесінің ашылуына үлес қосқан Талғат Ахмадиевтің туғандары мен достары да қалыс қалмады. Қазақ күресінің болашағына зор үміт артқан арда азаматтың көрегендігі мен ертеңгі күнге деген үмітінің ақталғандығының дәлелі осы турнир.

Турнирге келген Талғат Ахмадиұлының туғандары мен достары спортшы туралы естеліктермен бөлісіп, оның спортқа деген құлшынысы жоғары болғанын айтты. Спортқа ден қойған, қазақша күресте жетістікке жеткен жас спортшылардан аға буынның үміті зор. Жалындаған жастардың болашаққа деген мақсаттары айқын.

Ептілікті, шыдамдылық пен қайтпас қайсарлықты қажет етін бұл спорт түрін әлі де дамыту маңызды. Сондықтан нәтижеге қол жеткізу үшін жастарға тынымсыз еңбек пен үзіліссіз жаттығу қажет.

Қорытынды есеп бойынша Өскемен командасы бірінші орын, Аягөз ауданының командасы 2 орын иеленді. Үшінші орын Зайсан ауданына бұйырды.