Облыс құтқарушылары «Қыс-2024» Республикалық командалық–штабтық оқу-жаттығу жиыны аясында авариялық-құтқару жаттығуларын өткізді. Жиында құтқарушылардың дайындығы мен техниканың мүмкіндіктері сыналды.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері полицейлермен, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге бірнеше жаттығу жұмыстарын жүргізді. Жаттығу барысында олар боранды күні қар құрсауында қалған азаматтарды жол талғамайтын «Шерп» көмегімен эвакуациалау шараларын өткізді. Зардап шеккен азаматтарды жақын маңдағы медициналық мекемеге жедел жеткізу үшін «МИ-8» тікұшағы жұмылдырылды. Көктайғақ салдарынан зардап шеккендерге көмектесіп, жол апаты кезінде өртенген көлікті өшіру жұмыстарына қатысты. Су айдынында мұз құрсауында қалған балықшыларды құтқару жұмыстары да жүргізілді. Ал кинологтар болса қарлы боранда адасқан шопанды іздеді. Азаматтық қорғау қызметкерлері құбырдағы апатты жойды. Оқу-жаттығу жиынына өңір басшысы Ермек Көшербаев та қатысып, мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
ТЖД қызметкерлерімен бірқатар алдын алу шаралары да ұйымдастырылған. Мәселен қысқы маусымда қар мөлшері көп түсетін аудандар жоғарғы өтімді 114 бірлік техникамен қамтамасыз етілді. Олар қиындыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетуге сақадай сай.
Шараға еріктілер де тартылды. Олар осындай жиындар төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылды пысықтауға септігін тигізеді деп отыр.
Оқу–жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметіне арналған техникалар тексерілді. Зардап шеккендерге далалық госпиталь мен шатырлы лагерьде көмек көрсетілді.