Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл туынды геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасы жайында сыр шертеді. Шараға отбасы хрестоматиясы жобасының өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы оқырманға қыркүйек айында қалың оқырманға жол тартты. Міне, сол уақыттан бері қаламгер ел-жерді аралап, жаңа жинақты таныстырып, оқырмандарымен кездесу өткізіп келеді. Автордың бұдан бөлек, екі кітабы жарық көрген болатын. «Бейсен және болмыс», «Өзбекәлі және мәдени майдан». Бұл жолы Қаныш Сәтбаев туралы еңбегі қалың оқырманның ерекше ықыласына ие болып отыр.

Бұл туынды қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге бағытталған. Әлеуметтік желілердің ықпалына түсіп, дұрыс бағыт ала алмай жүрген жастарға Қаныш Сәтбаевтың жарқын бейнесін үлгі ету. Мақсат-сауатты, ғылымға бет бұрған ұрпақ тәрбиелеу.

Шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар автордың басқа да еңбектерімен танысуға мүмкіндік алды.

Автордың айтуынша, алғашқы 13 мың данасы оқырмандар арасында тез тарап, қосымша 5 мың дана қайта басылыпты. Санжар Керімбай мұны кітабының халық арасында үлкен қызығушылық тудырғанының белгісі дейді.