Елімізде сұйытылған газ бағасы қымбаттайды бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлімдеді. Оның сөзінше Энергетика министрлігі «Ашық» порталына бұйрық жобасын жариялаған. Құжатқа сәйкес 1 ақпаннан бастап елде сұйытылған мұнай-газ бағасына түзету енгізу жоспарланған. Біздің өңірде де бұл мәселеге қатысты шара қабылданбақ. Алдағы уақытта сұйытылған газ бағасы 18 теңгеге өседі деп күтілуде.

Жалпы Қазақстан бойынша сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65-тен 75 мың теңгеге дейін белгіленген. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 мың теңге шамасында сатылады. Бұйрық жобасына сәйкес енді сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін көтеріледі. Яғни бір тонна құны 6774 теңгеге қымбаттайды. Дегенмен, сала мамандары қазір бұл бағытта тапшылық жоқ екенін айтады.

Облысты газ қорымен қамту ісінде ел Үкіметі мен «Газпром» компаниясы арасындағы келісім маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ, аймақты көгілдір отынмен қамту жобасы жаңартылып, қажетті газ көлемі 2,03 млрд м³ деңгейінде анықталды. Қазіргі уақытта Ресейден газ жеткізу мәселесі бойынша ҚР Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізілуде.

Ай сайын өңірге 3 443,1 тонна газ қажет. Оның ішінде 1 954,4 тоннасы автогаз станцияларына, 206,8 тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға, ал 1 281,9 тоннасы үй шаруашылықтарына бағытталады.