Өскеменде Үлбі өзені үстімен өтетін көпір тағы да жөнделіп жатыр. Ескі нысанның бір тіреуін былтыр көктемде су шайып кеткен еді. Жазда оны қалыпқа келтіріліп ашқанымен мамандар өзге тіреулерін қайта бекіту туралы шешім шығарды. Әйтпесе көктемде апатты жағдай қайталануы мүмкін дейді олар.
Бұл көпір осыдан 80 жыл бұрын салынған. Былтыр оның төрт тіреуі қайта бекітілді. Бірақ геодезиялық зерттеулерден кейін қалған тіреулердің ең төменгі бөліктері шіріп кеткені белгілі болды. лды. Әсіресе ағашпен құрсауланған іргетасы босаңси бастаған. Демек, қазір бекітпесе кейін жағдай ушығуы мүмкін, дейді мамандар.
Қыс ортасында бұл жерде 20 адамға дейін жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар көпірді дәл осы мезгілде жөндеген ыңғайлы деп отыр. Себебі Үлбінің суы қазір ең төменгі деңгейде.
Өскемендіктер мұндағы қарбаластың кесірінен ірі зауыттарға апаратын жол қайта жабыла ма деп алаңдаулы. Дегенмен, жөндеу жұмыстары қала логистикасына кедергі келтірмеуі тиіс. Үлбінің үстімен 4 көпір өтеді. Әрқайсының маңызы зор. Ал бұл гидроқұрылғының алатын орны тіптен бөлек. Өйткені өткел тікелей Өскеменнің өнеркәсіптік аумағына жеткізеді. Күніне 6-7 мың көлік өтеді. Жоспар бойынша ескі көпірдің тіреулерін бекіту наурыздың соңында аяқталуы тиіс.