Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласындағы білім беру мен спорт саласындағы бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында тұрғындармен кездесіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ең алдымен Риддер қаласындағы жылу электр орталығына барды. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Нысан қала тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бұған дейін станцияның қуаты арттырылып, заманауи жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар аймақ басшысы 200 орындық көпсалалы аурухана мен 500 келушіге арналған емхананың құрылыс жұмыстарын тексерді. Жобаның құны – 34,8 млрд теңге. Медициналық құрал-жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Әкім жүрек-қан тамыр аурулары мен туберкулезден болатын өлім-жітімді азайтуға арналған нақты шараларды әзірлеу және қажетті мамандарды тарту қажеттігін баса айтты. Өңір басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен де танысты. Алдағы уақытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады. Әкім барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы атқарылуын қатаң бақылауға алатынын айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің жұмысымыз жеке бағыт болып табылатын сала бұл – инфрақұрылым. Яғни, су, жылу, интернет мәселелерін шешу. Оның ішінде сумен қамту. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін халықты 100 процент таза ауыз-сумен қамтамасыз ету міндетін қойған. Қаладағы 11 елді-мекеннің барлығы 100 пайыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл қалада ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша қосымша екі жоба жүзеге асырылуда.
Одан бөлек, облыс әкімі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 600 орындық жаңа мектептің жұмысымен танысып, алғашқы қоңырауына қатысты. Үш қабатты, заманауи жабдықталған білім ошағында кең сыныптар, спорт залы, кітапхана, асхана және акт залы бар. Жаңа оқу орны – ата-аналар мен оқушылардың көптен күткен арманы. Бұл – қаладағы соңғы жылдары ашылған екінші жаңа мектеп. Бұған дейін тағы бір 600 орындық мектеп пайдалануға берілген еді. Қазір «Казцинк» компаниясы мемлекеттік тілде оқытатын үшінші мектептің құрылысын жалғастырып жатыр. Ол келесі жылы аяқталады. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына Construction» АҚ «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бір аралас мектеп тұрғызуды қолға алған. Осылайша, алдағы уақытта қалада төрт бірдей су жаңа білім ордасы оқушыларға есігін айқара ашпақ.
Бауыржан Дүзбенов, мектеп директоры:
Қазіргі кезде 600 орындық мектеп ашылды. Үшінші апрельден бері жұмыс істеп тұрмыз. 26 кабинеттер бар. Лингафонный кабинеттер бар, робототехника бар. Спортзал бар, екі спортзал. Кіші спортзал бар, үлкен спортзал бар. Асхана бар. Асхана 150 орындыққа. Актовый зал бар. Ол 138 орындыққа. Бәрі мектепте жұмыс істеп тұр. Ата-аналарға, оқушыларға жайлы мектеп.
Сапар соңында спорт инфрақұрылымы да сөз болды. Риддерде 5 шақырымдық шаңғы жолы, жаңа спорттық-сауықтыру кешені және К-20 трамплині салынады. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі спорттық-реабилитациялық орталықтың жобасы дайындалып жатыр. Бұған қоса, ескі стадионды қайта жаңғырту да жоспарда бар.
Талант Тұрсынов