Өскемендегі Бабкина мельница ауданында да жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Биылғы оқу жылында балалары заманауи үлгідегі мектепке барған ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Мектеп ұжымы салтанатты шараға келген балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, алдағы оқуларына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.

Жаңа білім ордасы 300 балаға арналған. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылар заманауи үлгіде салынған әрі барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген қара шаңырақта білім нәрімен сусындайды.

Думанғазы Арғынғазин, Өскемен қаласы білім бөлімі басшысының м.а:

Келешек мектептері ұлттық бағдарламасы бойынша Өскемен қаласында 3 мектеп салынды. Солардың бірі осы нөмірі 31 орта мектеп. Бұл 300 балаға арналған. Екі тілде сабақ береді. Барлық жағдай жасалды деп ойлаймын. Өскемен қаласында білім күні 47 мыңнан аса бала мектеп қабырғасына кірді. Барлықтарына сәттілік тілеймін.

Мектептегі кабинеттер соңғы үлгідегі құрылғылармен жарақтанған. Заман талабына сай зертхана, компьютер кабинеттері, спортзал, асхана, кітапхана бар. Бұдан бөлек ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасалған.

Алмаш Сапарғалиева, №31 жалпы орта білім беретін мектеп директоры:

Баршаңызды мерекемен, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Биыл Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойы және жұмысшы мамандықтары жылы оқушыларымызға жаңа мектептің есігі айқара ашылғанына қуаныштымыз. Бұл жерде балаларға ғана емес, мұғалімдерге де ыңғайлы орта жасалған. Коворкинг аймағы бар мұғалімдер бөлмесі, спортзал, робототехника кабинеттері толық жабдықталған.

Шағын ауданда ашылған жаңа мектеп оқушыларын тасымалдайтын арнайы автобус бар.

Гүлнәр Амангелдіқызы, көпбалалы ана:

Алғашқы оқу жылы қоңырау соғылып, барлығымыз үшін үлкен қуаныш болды. Жаңа мектепте жаңа оқу жылы басталып, ұлым бірінші сыныпқа барып, өте қуаныштымыз. 5 балам бар 3 балам осы мектепке келді. Үйімізге жақын. Жақсы қуаныштымыз.

Бұл күні мектеп оқушыларына ізгі тілектер айтылды. Әр оқушының шығармашылығын шыңдап, бейіміне қарай бақыт-бағдар беретін ұстаздар білім мен тәрбие бірінші орында деді. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуы керек.


Салтанат Кеңесбекқызы