Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда елдегі демографиялық үдерісті егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды екенін баса айтты. Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерісті талдау және болжау орталығын құру керек, - деді Президент.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Президент үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керектігін айтты. Мемлекет басшысы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, осы ретте «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керектігін тілге тиек етті.
Жанна Әубәкірова, тарих ғылымдарының кандидаты:
Осындай саяси шешім деп оны біз қолдаймыз. Себебі бірнеше жылдың ішінде әртүрлі ғылыми практикалық конференцияларда сонымен қатар, Аида Балаеваның қолдауымен ұлттық комиссияның отырыстарында және мәжіліс отырысында ғалымдар осындай мәселелерді көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жастардың қазіргі заманға сай ойлау деңгейіне, жаңашыл көзқарасына ерекше тоқталды. Олардың білімге, ғылымға деген ұмтылысын жоғары бағалады. Қазіргі жастар патриотизмді жасампаздықпен, жаңашылдықпен байланыстырады және ел дамуына нақты үлес қосуға тырысады деді, президент. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының бел ортасында жүрген ерікті жастарға Президент шынайы алғысын жеткізді. Бұл бізді одан әрі қанаттандырды дейді жастар.
Жандос Базархан, ЖОО студенті:
Студенттер мен жастар атынан айтарым біз білім алып, еңбек етіп, жаңа жобалар құрып экономика, білім, мәдениет пен ғылымды дамытуға үлес қосуға дайынбыз. Мен сенімдімін дәл біздің ұрпағымыз қойылған мақсаттарды орындап Қазақстанды алға жылжытатын күшке айналады деп ойлаймын.
Президент ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзін еске алып, оған өз тұжырымын қосты. Өркениетті елдің заңы – әділ, билігі – білікті, азаматтары саналы әрі белсенді болуы тиіс, – деді ол.
Гүлдана Айдарқызы