Аймақта алғаш рет спиннингпен қайықта балық аулаудан республикалық чемпионат өтті. Бұқтырма су қоймасында ұйымдастырылған спорттық сайысқа жергілікті балықшылармен қатар, республиканың өзге де аймақтарынан келген 8 команда қатысты. 

Екі күнге созылған додада елдің түкпір-түкпірінен аймақтық іріктеуден өткен кәсіби спортшылар бас қосты. Әр команданың құрамында екі негізгі спортшы, жаттықтырушы және қосалқы балықшы болды. Астана қаласынан мың шақырымды еңсеріп келген Есімбет Қапабаев бала кезінен көл жағасында өскен. Оның командасы жарыс өтетін аймаққа алдын ала келіп, су айдынына барлау жасаған. Себебі, кәнігі балықшының сөзінше, мұндай спортта жетістікке жету үшін шеберліктен бөлек зерттеу жұмыстары да аса маңызды.

Есімбет Қапабаев, жарысқа қатысушы:

Бірінші судың өзіне байланысты. Сіздердің суыңыз таза, мөлдір. Балықтың қармақты қабуы да әртүрлі болады. Біздің су мұндай суық емес.

Жарыс барысында спортшылар тек жасанды жемдерді қолданды. Ал қолға түскен балықтар қайта суға жіберілді. Бұл – табиғатты қорғау мен әділ спорт қағидаларының басты шарты. Сайыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қазылар алқасы қадағалады. Жеңімпаз команданы анықтау үшін барлық ұсталған балықтың ұзындығы өлшенді.

Олег Боргуль, ҚР спорттық балық аулау федерациясының вице-президенті:

Биыл біз Қазақстан Республикасының чемпионатын Шығыс Қазақстан облысында, Бұқтырма су қоймасында өткіздік – бұл федерация конференциясының шешімі болды. спорттың осы түрін бүкіл Қазақстан бойынша дамытуға ат салысып жүрміз. Шығыстағы балық федерациясының ашылғанына көп уақыт өтпеді. Сондықтан қолдауды жөн көрдік. Су айдыны жақсы, бәріне ұнады.

Республикалық чемпионатта іргелес Абай облысынан келген спортшылардың қармағы олжалы болды. Олар 13 балық ұстап, жалпы ұзындығы 844 сантиметр болатын ең жоғары көрсеткішке жетті.

Әсетхан Досқожанов, жарысқа қатысушы:

Чемпионат жақсы өтті. Қиын болды, балық ұсталынбай бірінші күні қиналдық. Бүгін жеңіске жеттік. 2004 жылдан бері 21 жыл болды. Сонда біз бірінші рет Қазақстан чемпионы атандық спинингтен жағалаудан. Содан бері жарысқа қатысып жүрміз. Қасымдағы Санат Князбаев биыл Қазақстанның 10 дүркін чемпионы болды.

Ал, жүлделі екінші орынды жергілікті балықшылардан құралған «Spinning Forse-1» командасы қанжығасына басты. Астанадан келген команда үздік үштікке кірді. Енді бұл спортшылар келесі жылы Испанияда өтетін әлемдік додада Қазақстанның намысын қорғайды. 

Қымбат Иманғали