Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестиция тартуды күшейту қажет екенін айтып, арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. "Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр", – деді Президент.
Шикізат саласына құйылып жатқан қаржы қомақты екенін атап өткен мемлекет басшысы қазір үкіметтің басты мақсаты басқа – өңдеу салаларына қаржы тарту екенін атап өтті. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзбен қарауы керектігін айтты. Президент қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болатындығын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік инвестиция мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажеттігін тілге тиек етті. «Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек», – деді Қасым – Жомарт Тоқаев.
Қасым – Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұдан бөлек, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн. Ел экономикасы үшін маңызды, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс. Жалпы инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады.
Жолдауда инвесторлардың құқықтарын қорғауға баса назар аударылған. Президент Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып өзгертуді ұсынды. Бұл қадамды сарапшылар да қолдайды. Мамандардың пікірінше, мұндай органның құрылуы отандық өндіріс пен экспорттың өсуіне ықпал етпек. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейіне де тікелей сеп.
Ерқат Мұқажанов, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың экономикалық мәселелер және цифрландыру жөніндегі проректоры – басқарма мүшесі:
Еліміздің экспорттық потенциалы дамыған кезде халықтың әл – ауқаты мүмкіндіктері жағдайы жақсарады. Сонымен қатар инвестицияның тартылуы оның өнеркәсіпке, өндіріске енуі бұл еңбек өнімділігін арттырып, қосымша құнның да дамуына одан сайын ұлғая түседі. Еліміздің экономикасы оның ішкі өнімі және сыртқа шығатын өнімдерінің дамуы бұл экономиказдың өте жоғары деңгейде ұлғаюуына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Бүгінде елімізде қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу де бар. Бұл бағытта жалпы инвестиция көлемі екі миллиард АҚШ долларынан асады. Алда үш мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Президент жолдауда мұндай жобаларды кеңейту қажеттігін айтты. Әрбір өңірде оның ерекшелігін ескере отырып, өндірушіден сөреге дейін өтпелі тізбектерді қалыптастыру маңызды екендігін ескертті.
Гүлдана Айдарқызы