Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсенмен кездесті. Басқосуда тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Әсіресе туризм, жасыл энергетика, цифрландыру және білім саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы сөз болды.
Шығыс Қазақстан облысы мен Германия арасындағы ынтымақтастық жаңа бағытта дамымақ. Кездесуде туризм, жасыл энергетика, цифрландыру және білім саласындағы жобалар талқыланды. Тараптар болашақта ортақ бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты.
Моника Иверсен, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Бұл - экономикалық тұрғыдан маңызды қадам. Біз кәсіпорындармен жұмыс істеп, өңірдің әлеуетін көрсетуге тырысамыз. Алдағы уақытта неміс кәсіпкерлерін Шығыс Қазақстанға тартып, білім мен жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастықты да күшейтуді жоспарлап отырмыз.
Өңірдің табиғи байлығы мен инвестициялық әлеуеті неміс тарапын қызықтырып отыр. Елші жергілікті кәсіпорындармен серіктестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Еліміздегі су ресурстарының 40 пайызы біздің өңірде шоғырланған. Түрлі минералдарға бай облыстың тамылжыған табиғаты туризм саласын дамытуға да зор мүмкіндіктер жасайды. Германиямен жасыл энергетика, цифрландыру және білім саласында бірлескен жұмыстарды қолға алуға әзірміз. Сіздің осы сапарыңыз арадағы ынтымақтастықты күшейте түседі деп сенемін.
Кездесу соңында екі жақ естелік сыйлықтарымен алмасты. Бұл ынтымақтастықтың символдық белгісі ретінде бағаланды. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда Германиямен бірлескен жобалар жандана түспек.
Бекарыс Секен