Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге арттыру қажет. Президент пәрменін іске асыру үшін өңірде арнайы Жол картасы бекітіліп, жоспарлы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан бері салаға тартылған инвестиция көлемі артып, өнім өндіруде ілгерілеушілік бар. Десе де малды асылдандыру, экспортқа өнім шығару, шикізатты өңдеу, субсидия беру бойынша әлі атқарар шаруа көп. Осы және өзге де салаға қатысты мәселе облыстық әкімдікте өткен жиын барысында талқыланды. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар жолдардың жайы мен пайдаланылмаған жерді игеру және оны мемлекетке қайтару туралы сала басшылары ақпарат берді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, биыл бұл салада 20 көрсеткіштің 5 толық орындалып, 12-сі іске асырылу барысында. Жол картасы аясында белгіленген жұмыстар өз кезегімен шешімін тауып келеді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан тәжірибесін қолдану бойынша Алтай және Үлкен Нарын аудандарында тауарлы-сүт фермаларының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, салаға тартылған инвестиция көлемі де ауқымды.
Жаннат Көшерова, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а:
Агроөндірістік кешенге тартылған инвестиция көлемі 119 миллиард теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың 8 айында оның 16,7 миллиард теңгесі игерілді. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемін арттыру мақсатында жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 2024 жылдан қалған қаржы есебінен 3 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Биыл осы бағдарлама бойынша 8 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оған 6 жобаны қаржыландыру көзделген. Сонымен қатар осы мақсатқа 5,9 миллиард теңге жеке инвестиция тарту жоспарда бар.
Сонымен қатар жиында аудандарда мал басын асылдандыру, техниканы жаңарту, субсидия алу, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу туралы сөз болды. Мәселен, өңір шаруалары осы жылы 372 дана техниканы лизингке алған. Ал субсидия беру бойынша әлі де жетілдіретін тұстар көп. Сондықтан аймақ басшысы бірінші кезекте осы мәселені арнайы комиссия мүшелерімен жан-жақты талқылап, жүйелеу маңызды, - деді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Сүт бағыты, ет бағыты олар көрінеді ғой статистикадан. Сондықтан қайта өңдеуді бірінші кезекте субсидия жасасақ артынан өнімдік бағыты жақсы жұмыс жасай бастайды. Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Самар, Марқакөл аудандары әкімдер жыл соңына дейін тұқымдық түрлендіру көрсеткішіне қол жеткізуді қамтамасыз етсін. Алтай, Үлкен Нарын әкімдері сүт тауарлы фермаларының уақтылы берілуін қадағаласын.
Жиында бұдан бөлек облыстық маңызы бар жолдардың қысқа дайындығы пысықталды. Бүгінде республикалық және облыстық маңызға ие жолдарды күтіп ұстауға 957 бірлік техника жұмылдырылмақ. Өткен қысқы маусымда облыстық маңызы бар жолдар 84 рет, республикалық маңызы бар жолдар 44 рет жабылған. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қыс мезгілінде ауа райына байланысты жолдардың жабылуы туралы ақпаратпен халықты дер кезінде хабардар етудің маңыздылығы зор деді.
Нұрбек Тұраров, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Оперативті түрде халыққа хабарлау үшін біз облас орталығы Өскемен қаласынан таулы үлбі және Өскемен Тарғын самар жолының шыға берістеріне арнайы лед экран қойған болатынбыз бұл бұл лед экрандар сол бағытта шығып бара жатқан халықты хабардар етіп оытрады. Біз қазір жолды жабамыз деп шешім қабалдасақ бұл ақпарат лезде лед экранға шығарылады.
Кеңесте қаралған тағы бір мәселе жер қатынастары саласына қатысты болды. Биыл жауапты сала мамандары облыста жер комиссиясының 4 отырысын өткізіп, 16 материал қараған. Оның 15-і бойынша оң шешім қабылданған. Басқарма тарапынан жер учаскелеріне құқық алу, жалға беру мерзімін ұзарту және жерге орналастыру жобаларын бекіту бойынша 29 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Надежда Михейлис, Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
2022-2024 жылдары бастап өңірге 343,3 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. 2025 жылға арналған жоспар – 120 мың гектар, оның 67%-ы орындалып, қыркүйек айының соңына қарай мемлекетке 80,3 мың гектар жер қайтарылды.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жоспарланған жұмысты жүзеге асыруда кей аудандарда көрсеткіш төмен. Жиын соңында аймақ басшысы аудан әкімдеріне жыл соңына дейін пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару, қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығына игеруге беруді тапсырды.
Салтанат Кеңесбекқызы