ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев өңірдегі сапары аясында Өскемендегі №50 жалпы білім беретін мектепке барды. Жиынға көлік саласының мамандары, 9-11 сынып оқушылары мен мектеп ұжымы қатысты. «Көлік әлемінде: Болашақ сіздің қолыңызда» атты шара барысында оқушылар вице-министрге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, пікір алмасты.

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев кездесу барысында елдегі көлік саласының аяқ алысымен таныстырды. Бұдан бөлек, өңірде іске асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Көлік саласын қажетті мамандармен қамту мақсатында, болашақ мектеп түлектерін аталған сала бойынша жоғары білім алып, еңбек етуге шақырды.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

Бізге міне жаңа мамандар, заманауи білімді, бірнеше тіл білетін, білімі жоғары сондай адамдар керек. Мысалы, азаматтық авиация ол қазір қатты дамып жатыр. Жыл сайын 10-15 пайыз өсіп барады. Жаңа мамандар, пилоттар, инженер, диспетчерлар керек. Азаматтық авиация өте қызық сала. Бірақ, өте жауапкершілік биік сала. Мектепті бітіріп, жоғарғы оқу бөлімдеріне түсіп, сол мамандыққа барсаң, біз әрқашан қолдаймыз.

Кездесу барысында көлік саласында еңбек етіп жүрген мамандар да сөз сөйледі. Жоғары оқу орындарының оқытушылары, әуе қозғалысын тікелей басқаратын диспетчерлер, жол сапасын бақылайтын мекеме өкілдері және теміржол саласының жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кәусар Идаятқызы