Облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары Өскеменде құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар өткізді. Бұл шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жиында қаржылық пирамида, интернет-алаяқтық, дропперлікке қарсы күрес жайы талқыланды. Рет – ретімен тілші сюжетінде.
Форумға қала әкімінің орынбасары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, «Қарызсыз қоғам» жобасының қызметкерлері мен зейнеткерлер қатысты. Ұйымдастырушылар қаржылық қауіпсіздік - әр адам үшін өзекті мәселе екендігін айтады. Осы орайда тұрғындардың, әсіресе аға буын өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ілкімді шаралар қолға алынған.
Жандос Мұзтауов, Облыстық экономикалық тергеп – тексеру Департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тапсырмалары аясында қаржылық қауіпсіздік пен заңдылықты нығайту мақсатында, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі қаржылық операциялардың ашықтығын арттыру мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс – қимыл бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Өте ауқымды шаралар өткіземіз. Бірнеше бағытта мысалы жас буындар мен біздің зейнетке шыққан адамдармен сондай өте көп шара өткіземіз.
Жиынға қатысушыларға алаяқтықтың түрлері түсіндіріліп, нақты ақпараттар айтылды. Мамандар қаржылық сауатсыздықтың салдарын да тілге тиек етті. «Қарызсыз қоғам» жобасының тәлімгері Ермек Жұмағұлов азаматтарды қырағы болуға, алаяқтардың айласын асырмауға және күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Ермек Жұмағұлов, Облыстық "Қарызсыз қоғам" жобасының тәлімгері:
Егер сіз интернет-алаяқтыққа тап болсаңыз, полиция қызметіне жүгінуіңіз керек. Дереу барып, арыз жазуыңыз қажет. Бұдан кейін, банкке хабарласып, мән – жайды түсіндіріп карталарыңызды бұғаттағаныңыз дұрыс. Сондай – ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық қиын жағдайға тап болған азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беріледі. Мұнда тұрғындар шоттағы бұғаттауды шешу жолдарын, несие бойынша жаңа төлем кестесін қалай алуға болатындығын біле алады.
Жиын соңында қатысушылар сала мамандарына өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Гүлдана Айдарқызы