Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры өнер сүйер қауымға әлемге әйгілі «Mamma Mia!» мюзиклін ұсынды. Жаңа қойылым шведтің аты аңызға айналған ABBA тобының әндерімен әрленіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Театр сахнасында «Dancing Queen», «Mamma Mia», «The Winner Takes It All», «Money, Money, Money», «Super Trouper» сынды өнер сүйер қауымның жүрегін жаулаған әндер шырқалды. Қойылым қысқа уақыт аралығында көпшілікке жол тартты.

Нұрлан Серікпаев, режиссер:

Қойылым небәрі 30 күн ішінде дайындалды. Либретто толығымен жаңадан жазылды. Барлығын біздің жерлесіміз талантты Ержан Темірбеков дайындады. Біз ағылшын тіліндегі нұсқаны қайта қарап, өзіміздің менталитетімізге бейімдедік. Нәтижесінде осындай тамаша спектакль дүниеге келді. Ол екі актіден тұрады, құрамында 23 музыкалық композиция. 12 солист, 15 адамнан құралған хор, балет тобы және симфониялық оркестр бар.

Махаббат, отбасы, достық және өмірлік таңдау сынды мәңгілік тақырыптарды қамтыған мюзикл өнер сүйер қауымға шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мюзиклде облыстық драма және оперетта театрының актерлері, филармония әншілері мен бишілері өнер көрсетті. Айта кетейік, «Mamma Mia!» мюзиклі алғаш рет 1999 жылы Лондонда сахналанып, содан бері әлемнің 50-ден астам елінде қойылып, көрерменнің жүрегін жаулап үлгерген.

Юлия Юрочкина, актриса:

Біздің ең басты міндетіміз – әрбір көрерменнің жүрегіне жету болды. Өнер адамдары, музыканттар – адам жанының емшісі. Осындай қойылымдар сол жанға сая бола алады. Менің ойымша, бұл біздің қала тұрғындары үшін ерекше қойылым болды.

«Mamma Mia» – бұл жай ғана музыкалық қойылым емес, әлемдік тарихты жеткізген ерекше шығармашылық тәжірибе болды деді қойылым актерлері.

Нұртас Қайролдаев