ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында тұрғындармен кездесті. Жиында көлік инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелер қаралып, азаматтардың ұсыныстары тыңдалды. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Кездесу барысында вице-министр автожол, теміржол қатынасы, логистика және азаматтық авиация тақырыптарына тоқталды. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1194 шақырымды құрайды. Бүгінде олардың 92 пайызы талапқа сай болғанымен, жөндеу жұмыстары жыл сайын жалғасып келеді. Биыл 356 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. Негізгі бағыттар – Өскемен-Катонқарағай, Риддер мен Ресей шекарасы және Шемонайха тас жолдары. Қазір 12 учаскеде жұмыс жүріп жатыр, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

Халықпен кездесу болды, өте маңызды түрлі түрлі пікірлер көтерілген. Азаматтық Авиация саласында, әуежай жайында, сұрақтар болды. Теміржол жағдайы, жолдың құрылысы туралы мәселелер көтерілді. Жақсы талқылау, жақсы сұхбат өтті.

Министрлік өкілдері көлік саласының дамуына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жоспарларын ортаға салды. Делегацияның жұмыс бағдарламасында Өскемен-1 вокзалының құрылысы мен Катонқарағай және Зайсан аудандарындағы әуежай жобаларымен танысу бар.

Бекарыс Секен