Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы елімізде биылдан бастап «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілетінін хабарлаған болатын. Бастаманың мақсаты - қоғам өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік, экологиялық жобалар мен волонтерлік бағдарламаларға азаматтарды кеңінен тарту. Бұл бағытты дамытуда білім беру жүйесінің орны ерекше. Педагогтар адалдық, жауапкершілік, әділдік сынды құндылықтарды насихаттап, оларды оқу-тәрбие процесіне күнделікті енгізіп келеді.
«Адал азамат» бағдарламасының негізгі қағидаттары - адалдық, жауапкершілік, әділдік пен өзара көмекке дайын болу. Мұғалімдер осы құндылықтарды оқушыларға күнделікті сабақ барысында үйретеді. Түрлі ұлттық ойындар мен шығармашылық тәсілдердің арқасында бұл тәрбие үдерісі қалыптасып келеді.
Аяужан Тұрдыбаева, №41 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Оқушыларды жалпы болашақ ұрпақты адал болуға әділдікке, елге, қоғамға пайдалы болуға, оқушылар арасында адал білім, адал жұмыс, адал еңбек етуге, жауапкершілікке үйретеді. Қазіргі таңда біз тәрибие жұмыстарын сынып сағаттарын, әр сабағымызды осы ақпараттарды қосып оқушыларға адал болуға әділдікті үйретудеміз.
«Келешек мектептері» жобасы аясында енгізілген жаңа мүмкіндіктер мен заманауи технологиялар оқу-тәрбие үдерісін жандандыра түсті. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, идеяларын ортаға салуда. Бұл олардың «Адал азамат» құндылықтары мен қағидаттарын тереңірек меңгеруге жол ашып отыр.
Әр ай сайын «Адал азамат» бағдарламасы белгілі бір тақырыпқа арналады. Қыркүйек айында еңбек тақырыбына назар аударылған болатын. Оқушылар еңбек адамын құрметтеуді, түрлі мамандық иелерінің қоғамдағы орнын бағалауды үйреніп жүр. Бұл олардың жауапкершілік пен адалдықты тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.
Бекарыс Секен