Биыл Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесіне 70 жыл. Мерейтой аясында бірқатар ауқымды шаралар өтуде. Соның бірі – күні кеше ұйымдастырылған классикалық музыка кеші.

Мерейтойға орай өткізілген мәдени шаралардың біріне училищенің түлектері қатысты. Олар Германияның Вестфаль университетінде білімдерін жалғастырып жүр. Өнерпаздар “Танцы времен” атауымен ұйымдастырылған кешке тыңғылықты дайындалған.

Жанель Ағзамова, Duo’Logue ансамблінің мүшесі:

Фортепианомен айналысып жүргеніме негізі көп емес. 5 жыл өтті. 16 жасымнан профессионалды жағынан дайындықты бастағанмын. Негізі 16 жасыма дейін музыка жай ғана менің хоббиім болатын еді. Қазір ол менің негізгі бағытым.

Концерттік бағдарлама Франц Шуберттің әуендері, Бахтың полифониялық шығармалары сынды туындылардан тұрды. Қатысушылардың бірі - Шынар Мұрат бала кезінен өнерге жақын. Әке жолын қуған ол, өзі оқыған білім ордасының мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шынар Мұрат, Duo’Logue ансамблінің мүшесі:

Училищенің 70 жылдығына арнайы біз подарок дайындағанбыз осылай концерт қойып берейік деп мұғалімдерге, директорымызға, баршаға алғыс ретінде концертімізді ұйымдастырған болатынбыз. Қазақстанымыздың атын шығара берсін керемет деген оқу жүлдегерлері шыға берсін осы училищемізден деп тілеймін.

Бұл музыкалық кеш көрермен жүрегіне жол таба білді. Қала тұрғындары сахна саңлақтарына қошемет пен құрмет көрсетті.

Гүлмира Шәріпханова, қала тұрғыны:

Өздерінің осы жерден білім алып, сусындаған жеріне разышылығын білдіріп қандай деңгейде қандай дәрежеге жетіп оқып, білім алып сол көрсеткіштерін көрсетіп осындай биікке оқуға түсетін балаларды тәрбиелеп оқытып, білім берген училище директорына алғысым шексіз.

Училищенің тарихы 1955 жылдан бастау алады. Ол кезде 49 студент бес мамандық бойынша білім ала бастаған. Бүгінде оқу орны аймақтың мәдени өмірінде ерекше орынға ие. Дарынды жастарды тәрбиелейтін шығармашылық ордаға айналды.

Әлмира Дюсупова, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚ өнер училищесінің директоры:

Шәкірттеріміздің бүгін арамызда болуы бұл біз үшін үлкен қуаныш, әрі зор мақтаныш. Бұл шәкірттеріміздің жоғары білім деңгейінің алғанының айқын дәлелі. Біздің қыздарымызға Жанель мен Шынарға шын жүректен тілейтініміз денсаулық, мол бақыт, ашық аспан өнерлері өркендеп біздің училищенің атын шығарып, өздері әрқашан биіктен көріне берсін деп тілейміз.

Колледж түрлі концерттермен қатар, кәсіби мамандарды даярлап, түрлі семинар, көрме өткізуді дәстүрге айналдырған.

Гүлдана Айдарқызы