Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында мәдени маусым шымылдығын түрді. Алғашқы болып өз өнерімен көрермен ықыласына бөленген – Шемонаиха ауданы. Облыстық филармония сахнасында өткен ауқымды шара көрме, концерт және театрландырылған қойылыммен жалғасты. Жобаның мақсаты – өңірлердің мәдениеті мен кәсіпкерлік әлеуетін көрсету арқылы біртұтас рухани кеңістік қалыптастыру.

Аймақта дәстүрлі түрде өтетін «Туған жер – алтын бесігім» жобасы жалғасын тапты. Облыстық филармония залында Шемонаиха ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Мақсат – ауданның тыныс-тіршілігін көрсету ғана емес, сонымен қатар әр өңірдің өзіндік болмысы, дәстүрі мен даму жолындағы үлесі бар екенін жеткізу.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

Бүгінде «Туған жер – алтын бесігім» аясында Шемонаиха ауданы бірінші болып бастап отыр. Екі күн әртүрлі шаралар өтеді. Өскемен қаласының әртүрлі аймағында спорттық-мәдени шаралар өтті.

Кештің шарықтау шегі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған театрландырылған қойылым. Ақын бейнесінде сахнаға көтерілген – жас актер Жасұлан Тлеубердин. Оның кейіпкері арқылы көрермен Абай әлеміне үңіліп, ақын мұрасына тағы бір мәрте көз жүгіртті.

Жасұлан Тлеубердин, актер:

Басты рөлде Абайдың рөлін сомдаймын. Абайдың қара сөздеріне соған байланысты Абайдың қандай ақын, ағартушы, жазушы ретінде мұрасын халыққа жеткізу міндетін атқарып жатырмыз.

Кештің мазмұны тек көркем қойылыммен ғана шектелген жоқ. Концерттік бағдарлама классикадан бастап халықтық нақышқа дейін түрлі жанрдағы өнерді қамтыды.

Ришат Ахметов, Шемонаиха ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Концерттік бағдарламаның театрализациясы бар, опера, сәл балетіміз бар. Би топтарының өнерін көреміз. Шемонаиха ауданының әншілерін көреміз. Ән мен биден халыққа тамаша концерт алып келдік деп ойлаймын.

Шемонаиха ауданы өңірлердің мәдениеті мен экономикасын тоғыстыратын мәдени алаңның маусымын ашып, тың серпін берді. Ендігі кезекте апта сайын өзге де аудандар өз өнімдері мен өнерін көпшілікке паш етеді.

Қымбат Иманғали