9-21 қыркүйек аралығында Алматы қаласында VIII республикалық ауыл спорт ойындары өтті. Дүбірлі дода аясында облыстың волейболдан ерлер және әйелдер құрамасы үздік атанды. Бұдан бөлек, өңірдің спортшылары дәстүрлі садақ атудан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

17 команда бақ сынаған додада шығысқазақстандық қос құрама топ жарды. 20 қыркүйекте өткен финалда қыздар құрамасы Қарағанды командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал түркістандық жігіттермен кездескен аймақ спортшылары қарсыластарынан басым түсті. Қорытынды есеп 3:2. Облыс құрамасының жетістігі – өңірде волейбол спортының қарқынды дамып келе жатқандығының дәлелі дейді спортшылар.

Сымбат Бекбосынов, ШҚО бойынша волейболдан жасөспірімдер жаттықтырушысы:

Финалдық ойын Түркістан командасымен бес партия ойын болды. Өте ауыр ойын болды. Енді сол жерде, енді мықтылар жеңді деп есептеймін. Арнайы финал көреміз деп келген осы шығысымыздың азаматтары да болды. Берген рухтың арқасында біз осындай рухтың арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймыз.

Диана Төлеусабыр, ШҚО әйелдер құрамасының капитаны:

Біз осы сегізінші Республикалық Ақ Бидай ауыл спорттық ойындарына бір ай бойы дайындалдық. Шығыс Қазақстан облысының әр ауданынан қыздар жиналды. Барлығымыз бірігіп бір ай бойында оқу-жаттығу жиындарын жүргізіп, осы жарысқа қатты дайындалдық.

Қос чемпиондық атақ – аймақ спортшыларының еңбегі мен табандылығының жемісі. Бұл жетістік облыс абыройын асқақтатып қана қоймай, жас спортшылардың алға ұмтылуына жол ашады.

Талант Тұрсынов