Облыс орталығындағы Шмелев лог ауданында халықаралық «World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күні» аясында сенбілік ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, колледж және жоғарғы оқу орындарының студенттері, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Өскемен қаласының шетінде орналасқан қоқыс полигоны маңын тазартуға ұйымдастырушылардың айтуы бойынша 200 аса адам жиналды. Колледж және жоғарғы оқу орнының студенттері өз кураторларымен бірге келіп, белсенділік танытты.

Мақпал Әсембаева, Қ.Нұрғалиев атындағы жоғары колледж қызметкері:

Тазалық акциясы бізде жүрып жатқан Шмелев Лог бұл жердің өте лас екенін біріншіден біз көріп тұрмыз. Екіншіден жастарды жинап, колледж, университет студенттерін жинап, жақсы тәрбие беріп жатырмыз. Бұл біздің балаларымызға оқушыларымызға үлкен тәрбие береді біріншіден, екіншіден өздерінің қарым- қатынастарын нығайтуға деген істі арттыртады.

Қоршаған ортаны таза ұстау және табиғатты қорғау маңызды. Осындай шаралар жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді.

Бақытжан Ерболқызы, Өскемен қ. Жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

Басты мақсат тек қана осы территорияны тазарту емес, соынмен қатар жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Таңертеңнен бері осы жерге қаншама студент жиналып отыр. Бұл біз үшін, таза қазақстан акциясы үшін де, біздің қаламыз үшін де үлкен бір мақтаныш деп айтуға болады. Өйткені жастар осындай экологиялық мәселеге бей-жәй қарамайды.

Айгерім Мұсабаева, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы:

Осындай жалпыұлттық акциялар арқасында біз өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға зиян келтірмеуге өз өлкемізді таза ұстауға үгіт-насихат қажет деп санаймыз. Сондықтан әркім осы бастаманы қолданып, өз үйлерін, өз аулаларын, өз қалаларын өз елімізді таза ұстасақ бәріміз біріміз үшін бәріміз еліміз үшін атсалысайық.

Бұл күні облыс бойынша барлық аудандарда саябақтар, өзен жағалаулары, қоғамдық орындар тазартылды. Шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыс және қала әкімдіктерінің, экология департаментінің, қоғамдық ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылды.

Аружан Мұсаханова, ШҚО экология департаментінің баспасөз хатшысы:

Біздің мақсатымыз осы үлкен аумақты тазалау. Өйткені ол біздің үлкен экологиялық проблемалардың бірі болып табылады. Бізде қазір полигондар салынып жатыр. Осы аумақты жыл сайын ретке келтіріп жатырмыз.

«Дүниежүзілік тазалық күні» аясында ұйымдастырылған экологиялық сенбілік нәтижесінде облыс бойынша 8,5 тонна қоқыс жиналды.

Салтанат Кеңесбекқызы