«Сұлу Сырдан – шырайлы Шығысқа»! Осындай атаумен шығыста Қызылорда облысының мәдениеті күндері өтті. Сыр өнерпаздары Алтай аспанын түрлі жанрда ән мен күйге бөледі. «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.
Кешегі сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Көшеней, Рүстембек, Нартайдың бүгінгі із басарлары бірінен соң бірі жырдан шашу шашты. Тек сырдың ғана ән күйі емес, Алтай-Тарбағатайдың да әндерін төгілтті.
Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар және облыстық симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Сыр елі саф өнердің алтын қазынасы. Тек дәстүрлі ән мен жыр ғана емес, жас өнерпаздар бүгінде әлемдік сахналарда насихатталып жүрген танымал классикалық шығармаларды да орындады. Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облысының арасындағы өзара байланыс бұдан 15 жыл бұрын орнаған. Тек мәдениет емес экономикалық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Шығыс өңірі Кенді Алтай еліміздің металлургия мақтанышы. Үлбі металлургия зауыты Қызылорданың "Тұраниум" және "РошИст" компанияларымен уран өндірісі бойынша әріптесік орнатқан. Ауыл шаруашылығы жетістіктері де аймақтың дамуын айқындайды.
Тарихта Қызылорда облысының ел астанасы болып жарияланғанына биыл 100 жыл толады. Музей қызметкерлері сол жылдардың жылнамасы жазылған құжаттар мен фото-суреттерден көрме дайындаған. Ал сыр бойында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер көпшілікке ұсынылды.
Сапар Көзейбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
Орта ғасырлардағы оғуздардың астанасы болған Жанкент қаласынан табылған құнды жәдігерлеріміз бар. Сығанақ қаласы 15-ғасырда қазақ хандағы болған. Онда да біздің қазба барысында табылған құнды жәдігерлер осында әкеліп, насихатталып жатыр.
Ғалия Даниярова, қала тұрғыны:
Өзім өнерді жақсы көрем. Тыңдаймын. Енді сыр елі, жыр елі болғаннан кейін өзімізге атышулы әншілеріміз бар. Күйшілеріміз бар. Балаларға да жасөспірімдерге де үлгі, деп ойлаймын.
Өңірлер арасындағы өзара байланыс барлық салада бірге ілгерлеуге мүмкіндік береді. Сондықтан қызылордалықтар Өскемендегі бірқатар өндіріс пен «Алтай» көтерме-тарату орталығының жұмысын көрді.
Олжас Керейхан