Облыстық ТЖД-нің автопаркі су жаңа техникамен толықты. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Құтқарушыларға жаңа мамандандырылған автомобильдердің кілттері табыс етілді.
Құтқарушылардың автотұрағы өрт сөндіру машиналары, жол талғамайтын көліктер, гидроциклдер және арнайы құрал-жабдықтармен толықты. Айта кетейік, өңірдегі ТЖД бір жылда екінші рет жаңа техникамен қамтылып отыр.
Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі:
Біздің күнделікті тәжірибеміз көрсетіп жатқаны техниканың сенімді болуы, техниканың жаңа болуы бізге өте маңызды. Жұмысымыздың сапасын едәуір арттырып жатыр. Өздеріңіз білесіздер егер техника ескі, сынып жатса ол біздің қызмет көрсету сапасына тікелей байланыста болады. Сондықтан көріп жатырмыз, қыстың күні де жол таңдамайтын жерлерде техникамыздың қадірін түсініп, қызметкерлер шынайы қуанып жатыр. Ол жұмысты жалғастыратын боламыз. Бүкіл ел бойынша біздің техниканың бәрі жаңарады деп сенеміз.
Шара барысында төтенше жағдайлардың алдын алуға атсалысқан азаматтар мен сала мамандары алғыс хаттармен марапатталды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Биыл ТЖ министрлігі ауылдық елді мекендерде өртке қарсы қорғанысты нығайту үшін жергілікті атқарушы органдарды қолдауға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын жүзеге асыруда. Облысымыздың табиғи жағдайлары мен көптеген елді мекендердің өзара арақашықтықтарын ескере отырып, өңірде жедел әрекет ету ерекше маңызға ие.
Бұдан бөлек, жиын соңында министр цифрлық жобалармен танысты. Туристерді QR-код арқылы тіркеу, қар көшкіні қаупін мониторингтеу және қауіпті химиялық аймақтарды анықтау жүйелері туралы ақпарат берілді.
Кәусар Идаятқызы