Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Шемонаиха ауданының кәсіпкерлері өз өнімдерін облыс орталығы тұрғындарына таныстырды. Сауда орталығына келгендер нан, сүт және ет өнімдерінен дәм татып, кәсіп иелерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
«Алтай» көтерме-тарату орталығында шемонаихалық кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қала тұрғындары жаңа піскен нан түрлерін, ірімшік пен қаймақ, бал мен тосаптан дәм татты.
Гаухар Юсупова, сатушы:
Алып кеп жатқан нандарымыз бар, әртүрлі, чесночный, багет, чиабатта көп. Жәрмеңкеге бізді шақырды. Біз мұнда келіп өз-өзімізді көрсетіп, танымал етіп, Алтайдың ішінде Шемониха деген бутигіміз бар. Сол жерден Өскемен халқы аламын десе сол жерден өнімдерімізді алуға болады.
Кәсіпкерлер үшін бұл – өнім сапасын дәлелдеудің, жаңа тұтынушы тартудың тамаша мүмкіндігі. Аудан әкімі мұндай шаралар кәсіпкерлерге өз тауарларын кеңірек таныстыруға, ал тұтынушыларға сапалы өнімді таңдауға мүмкіндік беретінін айтады.
Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:
Ол тек қана біздің ауданды облысқа көрсету ғана емес, маңызды тұсы өндірушіден тұтынушыға дейін ешқандай делдалсыз жақсы бағамен, жақсы сапасымен көрсету, өндіру.
Ұйымдастырушылар мұндай шара алдағы уақытта жиі өткізілетінін айтады. Мақсат – жергілікті өнімді насихаттау және өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыру.
Қымбат Иманғали