Самар ауданында жасөспірімдер арасында еркін күрестен аудан әкімінің кубогі ұйымдастырылды. Бұл дода биыл екінші рет өтуде. Бозкілемде белдесуге көрші облыстардан келген жас балуандар да қатысты.

Жарыс биыл ерекше форматта өтті. Жаңа үлгі бойынша ұйымдастырылған сайыс жас спортшылардың күш-жігерін сынап қана қоймай, тактикалық шеберлігін де шыңдай түсті. Бозкілемге 2015-2016 жылы дүниеге келген жас өрендер шықты. Олар үшін мұндай сын – спорттағы үлкен қадам, тәжірибе алаңы.

Мейірбек Байжанов, еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Самар ауданына жарысқа келіп жатырмыз. Әкім жүлдесі үшін. Стенка дейді. Жаңа формат. Стенкада өтіп жатыр жарыс. Абай облысынан екі команда келді. Балалардың деңгейін міне қазір көреміз. Бірінші айналым өтіп жатыр.

Турнирге тек Самар ауданынан ғана емес, облыстың әр өңірінен және көрші аймақтардан да жас буындар жиналды. Мұндай жарыстар спортшыларға тәжірибе беріп қана қоймай, олардың достық пен бірлікті сезінуіне, намыс пен жігерді шыңдауына мүмкіндік береді.

Жандос Серіков, Самар ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директоры:

Самар ауданында еркін күрестен Самар ауданының әкімінің кубогі екінші рет ұйымдастырылып жатыр. Балалар, жасөспірімдер мектебінде 2015-2016 жылғы балалар қатысып жатыр. Былтыр да өткізгенбіз. 13 район орталығы келді осы жарысқа. Екі облыс келді.

Жарыстың мақсаты – балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сонымен бірге жасөспірімдер болашақта ел намысын қорғайтын нағыз спортшы болып қалыптасуына жол ашу.

Талант Тұрсынов