Өңір мектептерінде дәстүрге айналған «Қауіпсіздік үздігі» акциясы бастау алды. Шара аясында бастауыш сынып оқушыларына қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылды. Игі бастама «Казцинк» компаниясы, облыстық Білім басқармасы мен Полиция департаментінің қолдауымен жүзеге асуда.
Биылғы оқу жылында Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қалаларында шамамен 25 мың оқушыға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар тарату көзделген. Ақпараттық парақшаларда балалардың қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі негізгі кеңестер қамтылған. Мұндай ережелер әр баланың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Бұдан бөлек, жадынамада виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздікке де баса назар аударылған. Әлеуметтік желілерде жалған ақпараттан сақтанудың жолдары түсіндіріліп, интернет қауіпсіздігіне бағытталған нақты ұсыныстар берілген.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Бұл акция бірнеше жылдан бері жалғасып, дәстүрге айналып келеді. Балалар тақырыбы біз үшін, яғни «Казцинк» компаниясының әлеуметтік тақырыптарындағы негізгі бағыттарының бірі. Компания қызметкерлерінің ондаған мың балалары бар, сондықтан олардың болашағы мен қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды.
Жадынамада тәжірибелік бөлім де бар. Мұнда оқушылар ата-аналарымен бірге үйден мектепке дейінгі және кері бағыттағы қауіпсіз маршрутты белгілей алады. Бұл – балаларға жол қозғалысы кезінде барынша мұқият болуды үйретеді.
Ольга Ананишникова, Өскемен қ. №34 мектеп-лицейінің директоры:
Балаларды жол ережелеріне үйретуді ерте жастан бастауымыз қажет. Себебі, қазіргі кезде бастауыш сынып оқушыларының көбі мектепке өздері барады, көшеде өздері жалғыз жүреді. Көп жағдайда жол-көлік оқиғалары балалардың емес, ересектердің ұқыпсыздығынан болады. Сондықтан біз балаларды барынша сақ болуға үйретуіміз керек.
«Қауіпсіздік үздігі» акциясы – балалар мен ата-аналарды жолда және әлеуметтік желіде жауапкершілік пен сақтыққа шақыратын маңызды жоба. Жүзеге асып жатқан бұл бастама өскелең ұрпақтың қауіпсіз өмір-салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі, әр баланың өмірі мен амандығы – қоғам үшін ең басты құндылық.
Фатима Тілейханқызы, Ирина Санникова