ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бүгін шығысқа келді. Министр сапар аясында елдегі алғашқы бірыңғай көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұдан бөлек, өңірдегі бірнеше агроөнеркәсіп нысандарын аралады.

Жаңа зертхананың іске қосылуына 800 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Күрделі жөндеуден өткен нысанға қытайдан 66 жабдық жеткізіліп,орнатылған. Мұнда топырақ, тұқым, су және мал шаруашылығы өнімдеріне кешенді зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі күн біздің еліміздің, бүікіл агроөнеркәсіп кешені үшін маңызды күн деп айта аламыз. Біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары аясында ҚХР халықаралық талаптарына сәйкес құрылған біріңғай көпсалалы ауыл шаруашылық зертханасын ашып отырмыз. Бұл тек жаңа инфрақұрылым нысаны ғана емес, сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығы дамуының жаңа кезеңі. Қазіргі заман талабына сай көзқарасты, иновацияны, халықаралық ынтымақтастықты және ашықтықты көрсетеді.

Салтанатты шара барысында өңірдегі ветеринария саласының қызмет сапасын арттыру мақсатында мамандарға жаңа көліктің кілті табысталды. Ветеринарлық қызмет өкілдеріне дезинфекциялық қондырғысы бар 13 «Газель», мал тасымалдайтын 6 автокөлік және 1 инсинератор табысталды. Бұл техника арқылы елді мекендерде жылжымалы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге болады.

Хань Чуньлин, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі:

Мен зертхананың сәтті іске қосылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Шығыс Қазақстан облысының әкіміне айтар алғысым шексіз. Бұл зертхана екі ел арасындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров салтанатты шарадан соң, Өскемендегі «Эмиль» ЖШС барды. Өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. 1993 жылы іске қосылған кәсіпорын өңірде сүт өнімдерін шығаратын жетекші мекеме. Министр серіктестіктің қызметіне оң бағасын беріп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірумен айналысатын өзге кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында саладағы өзекті мәселелер мен жаңа реформаларды жүзеге асыру тетіктері талқыланды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Көп сұрақтар қаржыландыру мәселесі. Ертерек бастау керек дейді. Былтырдан бастап қараша айынан бастадық қаржыландыруды. Бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Урожай жақсы, өнімді жақсы алып жатырмыз. Қазақстан бойынша 86 пайыз жиналды. Қанбаға 21 млн 800 мың тонна астық құйылды. Орта 15,8 центнер гектарына. Жұмыс жүріп жатыр. Қаржыландыру уақытылы болғанның арқасында нәтиже осындай болып жатыр.

Бұдан бөлек, кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары мен субсидия бер тәртібін түсіндірді. Мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларды тілге тиек етті. Жиын соңында тұрғындармен кездесіп, азаматтардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Нұртас Қайролдаев