Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында кәсіпкерлер елдің цифрлық әрі экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өткен болатын. Аймақтағы «Даму» қоры өңірлердегі бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Осы орайда БАҚ өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Тілшілер қауымы облыстағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тетіктері жөнінде тың ақпараттар алды.
Шығыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті қолдау қарқынды жүргізіліп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, кепілдік ұсыну және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетіктері арқылы нақты көмек көрсетіп отыр. Биыл өңірде осы бағыт бойынша жүзден астам жобаға қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлерге 60 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталған.
Айгүл Қасымова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ШҚО бойынша өңірлік филиалы директоры:
ШҚО 2010-2024 жылдардағы аралығында.....теңге салық төледі. Осы жылдың маусым айында....несиеге қолдау алды.
Биыл өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған алғашқы «Bastau» түзету мектебі өз жұмысын бастаған болатын. Мұнда аутизм спектрінің бұзылысы мен басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға оқыту және оңалтуды біріктіретін заманауи тәсіл қолданылады. Жоба «Даму» қоры мен «ЦентрКредит» банкінің қолдауымен жүзеге асып, жүздеген отбасыға үміт пен жаңа мүмкіндік сыйлауда.
Лилия Мамбурова, «BASTAU» ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мектептің директоры:
Бүгінде мектебімізде 62 бала білім алады. Ал жобалық қуаттылығы – 108 орын. Келер жылы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған қосымша 4 сынып ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір мұнда 15 арнайы педагог жұмыс істейді. Олардың қатарында дефектологтар, логопедтер, психологтар бар. Барлық мамандар аутизм және ДЦП диагнозы бар балалармен заманауи әдістемелер арқылы жұмыс істей алады.
Ал «Силумин-Восток» компаниясы – өнеркәсіптік жабдықтар шығарып, инженерлік шешімдер әзірлейтін ірі отандық өндіруші. 1994 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 420 адам еңбек етеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен шетелде 16 ірі жобаны жүзеге асырған. Жақында кәсіпорын «Халық банк» арқылы жылдық 7,5 пайызбен қаржы алып, өндірісін кеңейтті. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдігі ұсынылған.
Александр Абросимов, «Силумин-Восток» ЖШС өлшеу құралдары өндірісі жөніндегі директоры:
Біз барлық өлшемдер бойынша 100% тауар өндірушіміз, яғни қазіргі уақытта біздің өнімдеріміз металлургиялық кешендерде, тау-кен кәсіпорындарында, тамақ өнеркәсібінде және коммуналдық қызметтер саласында қолданылады. Сонымен қатар, біз халықаралық калибровка зертханасын аккредиттеуді қолға алдық, бұл біздің жабдықтарымызды жоғары дәлдік класы бойынша калибрлеуге мүмкіндік береді. Жабдықтар желісі 8-ден астам түрді қамтиды және қазіргі уақытта біз ірі жеткізушілердің қатарындамыз, соның ішінде уран өндіру саласында да үлкен жобаларға жабдықтар жеткіземіз.
Ал шағын бизнестің табысты үлгісіне айналған Altay Outwear бренді бүгінде әлемдік нарыққа нық қадам басып келеді. Заманауи технологиямен тігілген киімдер ыңғайлылығы мен ерекше дизайнымен ерекшеленеді. Бүгінде бұл брендке Қазақстандықтардан бөлек Италия, Франция, Исландия, азаматтарының арасында да сұраныс жоғары. Бұл Жоба «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асқан.
Саят Шаяхметов, «ALTAY OUTWEAR» брендінің негізін қалаушы:
Біз алғаш рет «Даму» қоры ұйымдастырған көрмеге қатыстық. Ол кезде үй жағдайында бірнеше сырт киім ғана тіккен едік. Халықтың сұранысы бар ма, жоқ па – соны білгіміз келді. Сол алғашқы тәжірибеден кейін келесі жылы «Даму» қоры арқылы қаржы алып, өндірістік тігін машиналарын сатып алдық. Содан кейін жұмысымыз кеңейіп, өнім сапасы да айтарлықтай артты. Киімдеріміз қазыр шет елден келген туристтердің арасында сұранысқа ие және тапсырыс бергісі келетіндердің де саны артып келеді, Біз үшін ең бастысы сапасы шет елдік аналогтардан кем болмауы. Барлығы мұқият тексеріліп қана сатып алушыға жіберіледі.
Аймақта қолдау тапқан компаниялар мұнымен шектелмейді. Солардың бірі – қуырылған күнбағыс өндіретін отандық жетекші кәсіпорын «Жас-Дән». «ИЗНАВР» және «QYZYQ» брендімен танымал өнім бүгінде Қазақстанның 20-дан астам қаласында, 24 мыңнан астам сауда нүктесінде сатылады. Кәсіпорын «Өрлеу» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауымен жаңа жабдық сатып алып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік алған.
Алия Баянжанова, «Жас-Дән» ЖШС басқарушы директоры:
Соңғы 3–4 жылда сатып алынған барлық өндірістік жабдықтарымызды «Даму» қорының субсидиясы арқылы алдық. Алғашқысы – күнбағысты қуыруға арналған пештер еді. Ең соңғысы — жуырда ғана алынған жаңа жабдық. Екі апта бұрын іске қосылып, барлық сынақтан сәтті өтті. Бұл жабдықты да біз «Даму» қорының бағдарламасы аясында сатып алдық. Қазір ол толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Шағын және орта бизнесті дамыту – өңір экономикасын әртараптандырудың басты тетігі. «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асқан жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашып отыр.
Гүлдана Айдарқызы, Нұртас Қайролдаев