Алғаш рет Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан әлем кубогында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Ұлттық құрама мүшесі Аяш Қабдоллаева жамбы нысанасында үздік атанды. Бұдан бөлек, командалық жарыста топ жарған Ажар Төлеуқанованы Өскемен әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ерекше қошеметпен қарсы алды. Әлемнің 32 елінен 535 спортшы бақ сынаған дүбірлі додада спортшылар ел абыройын асқақтатып қайтты.

Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен әлем кубогына 32 елден 500-ден астам спортшы қатысқан. Жарыс төрт нысана бойынша өтті. Кореялық дәстүрлі нысана — 145 метр, мажарлық нысана — 90, жамбы мен пута нысаналарында үздіктер анықталды. Қазақстан құрамасынан 34 садақшы сынға түскен. Солардың ішінде бұл спорт түрімен небәрі бір жыл ғана айналысқан Аяш Қабдоллаева да бар. Ол байрақты бәсекеде 30 метр қашықтықтағы жамбы нысанасында сынға түсіп, алтын медальды қанжығаға байлаған.

Аяш Қабдоллаева, садақ атудан Әлем кубогінің алтын медаль иегері:

Ішінен суырылып шығу әрине оңай болған жоқ. Қолымыздан келгенше тырысып, 16 ның ішінен ең үздік болып шықтым. Одан кейін алтынға ие болдым. Осы жеңіс тымбай еңбек еткенімнің арқасы деп білемін. Үйткені кей бір адамдар ойлайды ой мына кісі бір жыл айналысып чемпион болып жатыр деп. Ондай жаңсақ ойдан аулақ болу керек. Үйткені бұл таза еңбек. Осы бір жыл бойы күнде аз дегенде екі сағат, әйтпесе алты сағатқа дейін үйдің жанында жолдасым жасаған нысаналарда күнде дайындалдым.

Ал, Ажар Төлеуқанова дүбірлі додада командалық есепте қола медаль еншіледі. Ол пута нысанасында үздіктер қатарынан көрінді.

Ажар Төлеуқанова, садақ атудан Әлем кубогінің қола медаль иегері:

Жаңа үш нысана дедім. Біреуі 145, 90, 30, және де 70 метр. Түрік нысанасы пута деп аталады. Сол командалық есепте үшінші орынға ие болдым. Жалпы тарихта алғашқы рет дүркіреген жеңіс болды. Үйткені барлық медаль саны бойынша, командалық есеп бойынша Қазақстан бірінші орын. Бізде ұранымыз бар еді. Әлемдегі ең үздік команда Қазақстан деген. Міне дәл осы сөзімізді іске көшіріп дәлелдедік.

Әлем кубогында топ жарған қос мергенді Өскемен әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ерекше ықыласпен күтіп алды.

Гүлназ Қабдоллаева, А. Қабдоллаеваның енесі:

Екі келінім де осылай қуанышқа бөленіп жатқанына қуаныштымын. Әже ретінде. Балаларымның осы күнге жеткеніне алламның осы күнге жеткізгеніне. Өте қатты толқып та тұрмын. Балаларымның Кореядан келген алтындары құтты болсын.

Дәстүрлі садақ атудан өтен әлемдік сыннан олжалы оралған спортшылар енді ішкі біріншілікке тыңғылықты дайындалмақ.

Нұртас Қайролдаев