ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова облыс орталығына келді. Вице-министр сапар аясында өңірдегі бірнеше кәсіпорынның өндірістік әлеуетімен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова «Силумин-Восток» ЖШС барды. 1994 жылы қызметі іске қосылған кәсіпорын бүгінде 420 адамды жұмыспен қамты отыр. Кәсіпорын елден бөлек, шет мемлекеттерде 16 ірі жобаны іске асыруда.

Александр Абросимов, «Силумин-Восток» ЖШС өлшеу құралдары өндірісі жөніндегі директор:

Біз қазір Өзбекстанда да тіркеуден өттік. Осы бағытта Ресейдің стандарттау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Бұл — біздің өнімнің әлемдік талаптарға толық сай екенін көрсетеді. Жабдықтарымыз шетелдік баламалардан кем емес. Бұл – импортты алмастырудың нақты мысалы.

Инвестиция тарту ел экономикасын әртараптандырудың негізгі кілті. Облыста табысты жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаның бірі – «Аltai mai» ЖШС. Тәулігіне кәсіпорын 500 тонна күнбағыс өңдеп, жылына 160 мың тоннадан артық өнім өңдеуге қауқарлы. Вице-министр осы кәсіпорынға да ат басын бұрды.

Жәнібек Бақаев, «ALTAI MAI» ЖШС бас директоры:

Біздің өнім ел ішінде ғана емес, Өзбекстан мен Тәжікстан нарығына да шығарылады. “Altaimai” және “Galdiani” атты брендіміз бар. Шикізат толықтай ішкі нарықтан алынады. Негізгі мақсат – өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру және заманауи, бәсекеге қабілетті өсімдік майының өндірісін құру.

Өңірдегі бірнеше кәсіпорынды аралаған вице-министр аймақтың кәсіпкерлік саласының аяқ алысына оң бағасын берді. Бұдан бөлек, аталған саланы одан әрі дамыту, инвестиция тарту, мемлекет басшысы жолдауда атап өткен негізгі міндеттерді іске асыруды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Жанель Кушукова, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

«Шығыс Қазақстанда өнеркәсіп, сауда-саттық, кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Бүгін өңірдегі бірнеше кәсіпорында болдым.Мәселен, “Силумин Восток” ЖШС электротехникалық жабдықтарды өндіреді. Бұл экспортқа бағытталған кәсіпорындардың бірі. Ал, «Алтай май» Мемлекет басшысы жолдауда атап өтен инвестиция тарту бастамасы аясында іске қосылған. Осындай жобаларды қолдау және оның қызметін халыққа таныстыру маңызды.

Бүгінгі күні өңір экономикасының дамуына серпін беретін жобаларға барынша қолдау көрсетілуде. Экономиканы әртараптандыру, өнім өңдеуді жолға қою басты мақсат. Соның ішінде өңдеу саласын жетілдіру маңызды. Себебі, ішкі нарықты өзімізде өндірілген отандық өніммен қамтамасыз ету арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына ықпал етеді. Сондықтан инвестициялық ахуалды қалыптастырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек, деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

Сая Жарасқызы, Нұртас Қайролдаев